Кез-келген медицина қызметкерлері үшін ең басты қағида — пациент алдында адамгершілікті, ілтипатты, мейірімділікті, жалпы айтқанда, барынша мәдениетті сақтай білу. Осы соңғы кездері бұрынғы уақытта әжептәуір сенген пір тұтқан, сыйлаған дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің бұл күнде ел арасындағы абырой-атағы, сый-сияпаты, құрметі бұрынғыдай емес, әжептәуір төмендеп-ақ кеткен. Бұған кім кінәлі?
Адам өзін біреуге сыйлата алу үшін, ең әуелі өзінің сыйластыққа сай, мәдениетті де кішіпейіл болғаны дұрыс. Өзің дөрекі, мәдениетсіз, білімсіз, санасыз, дөрекі болып тұрсаң, сені кім сыйлайды? «Сыйға — сый, сыраға — бал» деп бұрынғылар бекер айтпаған. Мүмкін дәрігерлеріміз бен медицина қызметкерлеріміздің ел арасындағы қадір-қасиетінің тым төмендеп кетуі — қоғамымыздағы болып жатқан экономикалық, саяси рухани өзгерістермен тұрмыстық-әлеуметтік жағдайлардың өте нашарлап кетуіне де байланысты шығар. Қалай болғанда, ел басына қандай қиыншылық түссе де дәрігер болсын, орта буын болсын, кіші медицина қызметкерлері болсын өзінің қадір қасиеті, намысы, мамандығының абырой-атағы үшін күресе білуі керек.
Дәрігер мен орта буын медицина қызыметкерлерінің адам баласының денсаулығының сақшысы екенін қас қағым сәтке де ұмытуға құқығы жоқ. Өзіндік мәдениеті мен өзін-өзі ұстау этикасы бар медқызметкерлердің сырқат жүрегіне жол тауып, жанына дауа бола алуына сенуге болады. “Жақсы сөз — жан азығы” деген сөз берерге айтылмаса керек. Тән жарасы мен жан жарасы ұштасып, жанына жақсы сөзден шипа алатындардың дәрігерлерге алғысы да шынайы шығып жатады. Ондайларды көргенде, кәдімгідей марқайып қалатынымыз бар.
Этика (әдеп) дегеніміз гректің мінез, әдет-ғұрып деген сөзінен шыққан философиялық ұғым. Этика адамдар мен адамдардың арасындағы адамгершілікке толы қарым-қатынастардың озық үлгілерін, жақсы дәстүрлерін оқытатын қағидалар жиынтығы. Халқымыз ежелден адамгершілік, инабаттылық, сыйластық сияқты асыл қасиеттерді өз бойына сіңіріп және ардақтап келеді. Жалпы алғанда, өзара сыйласу — баршаға ортақ қасиет. Тек сол өзара сыйласуды, жалпы сыйластық пен жақсы қарым- қатынасты әркім өзінен бастаса дейміз.
Егер өзіңді-өзің құрметтеп, бағалай білмесең, өзгеден сый құрмет көремін деу бекершілік. Қазақта “Өз-өзіңді жаттай сыйла, жат жаныңнан түңілсін» деген мақалдың астарынан-ақ көп нәрсе аңғаруға болады.
Этика — мораль туралы ілім, яғни адамгершілікті, ізеттілікті, кішіпейілділікті,әдептілікті оқытады. Ал мораль дегеніміз — қоғамдық сананың бір түрі немесе бір көрінісі. Адамдардың арасында ежелден қалыптасқан жақсы мінез-құлқы мен инабатты, инабатты, адамгершілікке толы қарым-қатынастарды реттейтін принциптер мен жиынтық ережелерін мораль дейміз. Адам-адамға дос, жолдас, бауыр деген ұлағатты сөз этиканың ең негізгі қағидаларының бірі. Медициналық этика — медициналық қызметкерлердің жұмысындағы гуманизм көрінісі, дентологияның теориялық негізі болып саналады.
Деонтология — (гректің — тиіс, керек деген сөзінен шыққан) дегеніміз — әрбір жеке адамның бүкіл адам баласы мен қоғамның алдындағы атқаруға тиіс міндетін, борышын, парызын оқытатын этиканың негізгі бір саласы. Оның негізгі принципі — адам жеке басының қамын ойламай, өз мүддесін халық пен қоғамның қажеттілігіне саналы түрде бағындыра отырып, жеке басының мүддесін қоғамдық мүддемен үйлесімді түрде үйлестіре алуында. Медициналық деонтология дегеніміз — медицина қызметкерінің адам баласы алдындағы, қоғам алдындағы атқаруға тиіс кәсіптік парызы мен өтеуге тиіс борышын оқытатын ілім.
Біздің дәуірімізге дейін ІХ ғасырда өмір сүрген атақты үнді дәрігерінің «Өмір кітабы” атты еңбегінде дәрігерге былай деген өсиет айтады: «Дәрігер іс жүзінде табысқа жету үшін: өзінің дені сау, мұнтаздай таза, қарапайым, шыдамды, сақалы қысқа етіп бастырылған, тырнақтары алынған, ақ жиде жұпыны киім киген болуы керек. Сөйлеген сөзі жұмсақ, жағымды, тартымды және үлкен үмітпен айтылуы қажет.
Медицина қызметкерінің қашан да ақ, адал ақ жүректі адал, ерекше сабырлы, асқан ақылды әрқашанда жақсылық істеуге тырысып тұратын адам болғаны жөн екен. Медицина қызметкері орта және кіші буынды қызметкер әріптестері арасында сабырлы әрі ашық жарқын сөйлесуге міндетті. Дөрекі немесе тұрпайы немесе тым ресми сөйлесуге болмайды. Өзінен жасы үлкендерге «Сіз» деп және дәрігерлерге аты мен әкесінің атын атап сөйлескені жөн.
Жұмыс барысында, жұмыс орнында ұстамдылықты, сабырлылықты және әдептілікті сақтаған дұрыс. Мейлі ол орта буын немесе кіші буын қызметкері болсын, сырттан келушілерге (ҚІІБ қызметкерлері, тергеушілер ОІІД тергеушілері, лауазымдары жоғары кісілер, басшылар, бөлім басшылары, жақындарынан айырылған, қайғыға душар болған жандар, немесе ұрып соққаны үшін анықтамалар алу үшін және т.б.) сұрап білу үшін келушілерге кіші буын болсын, орта буын болсын, мейлі ол дәрігер болсын толығымен назар аударып, көңіл бөлуі керек. Қызметкерлердің жұмыс орнындағы қарым-қатынастары әр уақытта жылы шыраймен сыпайлылықпен өтуі керек. Сыпайылық пен кішіпейілділік — мәдениеттің басты қағидалары. Медициналық этика қашан да, қай кезде де сақталуы тиіс. Ең қиын кезде де, тіпті өзіне қатысты дөрекілік т б жағдайда да, дәрігер этика талаптарын сақтағаны жөн екен.
Әрбір адамның денсаулығын қорғау — Қазақстан Республикасының Конституциясында заңды түрде бекітілген. Конституция денсаулық қорғауға құқыққа кепілдік беріп қана қоймайды, сонымен бірге денсаулық қорғау Республиканың әрбір азаматының тікелей міндеті екендігін де ескеру қажет. Демек, қазақстандықтардың салауатты өмір салтын қамтамасыз ету олардың құқықтары мен еркіндігінің көрінісі ғана емес, сондай-ақ қоғамның және өзінің алдындағы міндеті де.
Медицина қызметкерлері сырқатпен, сонымен бірге дені сау адаммен қарым-қатынаста деонтология мен этика прициптерін қатаң сақтауға тәрбиеленуі тиіс. Дәрігер «психологиялық кері байланыс» принципі бойынша өз әрекеттері мен ұстанымын бақылауы керек және сырқат адамның сәл іс-әрекет қимылынан жағдайды тез, әрі жедел бағамдап, емдеу тактикасын дұрыс ұйымдастыруға міндетті. Яғни, дәрігердің міндеті — науқасты тек емдеу ғана емес, оған жақсы қатынас, мәдениетті байланыс, кішіпейілділік таныту.
Жалпы айтқанда, этика мен деонтология талаптарын барынша сақтауға ат салысу — әрбір медицина қызметкерінің міндеті екенін ұмытпайық!
Гүлмайра МОМБЕКОВА, «SENIM» Денсаулық сақтау жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы” РҚБ Жамбыл облыстық филиалының төрайымы