Бүгін — урологтар күні

Бүгін - урологтар күні

Урология (грек. uron – несеп және логия) – медицинаның несеп шығару жүйесі органдары ауруларының клиникасы белгілерін анықтайтын және оны емдеу жолдарын зерттейтін бөлімі. Сондай-ақ Урология ер адамдардың жыныс жүйесіндегі ауытқуларды да емдеумен шұғылданады. Урология – медицинаның көне заманнан белгілі саласы. Б.з.б. 3-мыңжылдықта Мысырда қуықтағы тасты дәл тауып, оны алып тастау жолын білген. Гиппократ бүйрек пен қуықтың әр түрлі ауруларына сипаттама берді. Әбу Әли ибн Сина несеп-жыныс жүйесінің кейбір ауруларын сипаттап, оларға диагноз қою үшін науқастың зәрін тексеру керек екенін жазды, ауруларды емдеу үшін бірнеше дәрі-дәрмек ұсынды. Аристотель, А.Цельс, К.Гален, т.б. ғалымдар Урологиялық ауруларды (негізінен несептегі тас) зерттеді. Урологияның қарқынды дамуына 19 ғасырда рентгенология саласында қол жеткен жетістіктер игі әсер етті. 1877 жылы неміс ғалымы М.Нитценің цистоскопты – қуық қуысын зерттеуге арналған аспапты ойлап табуы Урологиялық ауруларды дәл анықтап білуге мүмкіндік берді. 1869 жылы неміс ғалымы Г.Симон ауырған бүйректі алып тастау операциясын алғаш рет жасады.

Құрметті дәрігер-урологтар! Қадірменді әріптестер!

Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын.

Қай заманда, қандай қоғамда болмасын жалпы дәрігер мамандығы қашанда қадірлі, сыйлы болған. Бұл кәсіп жан-тәнімен беріліп жұмыс істеуді, жан-жақты терең білімді, жоғары біліктілікті талап етеді және адам өмірінің барлық кезеңдерінде қажет. Сіздер күн сайын алдыларыңызға шипа іздеп келген әрбір жанның өміріне араша түсіп, денсаулығын сақтау үшін арпалысасыздар. Дерттеріне шипа тауып, өмірге деген үміттерін оятып, құштарлықтарын арттырасыздар.

Сіздер бар саналы ғұмырларыңызды көмекке мұқтаж адамдарға қызмет етуге арнап, кәсіптеріңізге деген адалдықтарыңыз бен отандық медицинаның үздік дәстүрлерін сақтап, дамыту жолындағы ерен еңбектеріңіз үшін зор алғыс айтамыз. Сіздердің жетістіктеріңізбен мақтанамыз. Барлық жоғары нәтижелерге Сіздердің жемісті қызметтеріңіздің арқасында қол жеткізетініміз аян.

Баршаңызға мықты денсаулық, қызметтеріңізге мол табыс, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін. Өз кәсіби біліктіліктеріңіздің арқасында биік асулардан көріне беріңіздер деген тілегімді білдіремін.

“SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ Жамбыл облыстық филиалының төрайымы
Момбекова Гүлмайра Асанқызы