Медицина қызметкерлері марапатталды

Алдағы жексенбі – медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі.

Атаулы күн қарсаңында облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен, «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағының қаржылық қолдауымен салтанатты жиын өтті.

«Баласағұн» орталық концерт залында Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов және облыстық мәслихаттың хатшысы Махметғали Сарыбеков өңірдің денсаулық сақтау саласының үздік қызметкерлерін марапаттау рәсіміне қатысты.

Ән, күй, құрмет, алғыс — бәрі де ақ желеңді абзал жандарға арналды. Дәстүрге сай өңір басшысы Нұржан Молдиярұлы медицина саласының қызметкерлерін құттықтап, облыстық денсаулық сақтау саласының жетістіктеріне тоқталып өтті.

— Құрметті медицина саласының қызметкерлері! Қымбатты ардагерлері! Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – медицина қызметкерлерінің күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздердің еңбектеріңіздің өлшемі – өмірмен қайта табысқан адамдардың тағдырымен байланысты. Бұл үлкен мәртебе, әрі зор жауапкершілік.

Жылдан жылға облыстың медициналық ұйымдарының материалдық-техникалық базасы жетілдірілуде, жаңа денсаулық сақтау нысандары салынуда, қызметкерлердің еңбек жағдайлары жақсаруда.
Айталық өткен жылы:

— «Ауыл-Ел бесігі» жобасы шеңберінде және ЖБ есебінен жалпы құны 1,2 млрд. теңгені құрайтын 8-нысанның құрылысы жүргізілді. Оның ішінде 1-нысанның құрылысы аяқталды. 6-нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп пайдаланылуға берілді. Оның 5-нысаны «Ауыл–Ел бесігі» жобасы шеңберінде, 1-нысаны жергілікті бюджеттен қаржыландырылды.

Іскерлік ынтымақтастықтың арқасында Меркі және Жамбыл аудандарында, сондай-ақ Тараз қаласының №5 қалалық емханасында алғашқы үздік практикалық орталықтар ашылды.

2022 жылы денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру көлемі 9,4 млрд. теңгені құрады.

Саланың материалдық-техникалық базасын нығайтуға жергілікті бюджет есебінен 2,3 млрд.теңге қаралып, 20 дана медициналық құрал-жабдықтар сатып алынды.

2022 жылы жалпы құны 9,1 млрд.теңгені құрайтын 24 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілуде (о.і. 7-уі 2021 жылдан өтпелі). Жылдың соңына дейін 23 нысанның аяқталуы жоспарлануда.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялауына байланысты, «1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні» қарсаңында 120 төсектік облыстық балалар «Аяла» оңалту орталығы ашылып, онда неврологиялық, тірек-қимыл қозалысының патологиясы бар, жарақат алған, ортопедиялық, соматикалық созылмалы аурулары бар балалар тиісті ем-шараларын қабылдауда.

2023-2025 жылдары аралығында жалпы 54 медициналық нысандардың құрылысы жоспарланып отыр.

Маңызды демографиялық көрсеткіштер де өсуде.

Туу көрсеткіші, халықтың табиғи өсімі, өмір сүру ұзақтығы – 72,7 жасқа дейін ұлғайды.

Туберкулезбен сырқаттану 6,9 пайызға, қатерлі ісіктермен сырқаттану 7,0 пайызға, қан айналымы жүйесі ауруларынан өлім-жітім 17,4 пайызға төмендеді.

Бұл Сіздердің кәсіби білімдеріңіздің нәтижесінде деп білемін.

«Тәні саудың — жаны сау» деген халқымызда дана сөз бар. Сіздердің халыққа қызмет ету, төзімділік пен қайсарлық таныту, денсаулық сақтау саласына қосқан зор үлестеріңізге алғыс білдіремін. Е л мүддесі жолындағы қиындығы мен қуанышы мол еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін, — деді ол.

Іс-шара барысында облыстың денсаулық сақтау саласының үздік мамандары көп жылғы еңбегі үшін медальдарға, төсбелгілерге, құрмет грамоталарына және алғыс хаттарға ие болды.

«Еңбек ардагері» медалімен – 11, «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен – 20, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен – 20, Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министірінің «Құрмет грамотасыме»н – 15, «Алғыс хатымен» – 15, Жамбыл облысы әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен – 3, Жамбыл облысы әкімінің «Құрмет грамотасымен» – 12, Жамбыл облысы әкімінің «Алғыс хатымен» – 12, Жамбыл облыстық мәслихаттың «Құрмет грамотасымен» — 7 дәрігер, сондай-ақ, 40-тан астам медицина қызметкері басқарма басшысы Әсет Қалиевтің «Алғыс хатымен» марапатталды.

Салтанатты бөлім аяқталғаннан кейін мерекеге орай шығармашылық ұжымдардың қатысуымен концерт өтті. Әдемі ән мен әсем әуеннің аясында көтеріңкі көңілмен демалып, мемлекет пен қоғамның марапаты мен құттықтауларына ие болып, мамандықтарына мақтанышпен қараған медицина өкілдерінің кәсіптік мерекесі апта аяғына дейін жалғаспақ.